- Басты бет
- ИКК

Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитет туралы ереже
1. Кіріcпе
1. Осы Ереже Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитеттің функцияларын, қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін және жұмыс тәртібін айқындайды.
2. Жалпы ережелер
2. Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитет (бұдан әрі - ИКК) профилактикалық егулерді жүргізу мәселелері бойынша консультативтік орган болып табылады.
3. ИКК-ні Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы басқарады.
4. ИКК құрудың мақсаты иммундау мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-консультативтік қызметті оңтайландыру және оларға халықтың денсаулығын қорғау мәселелерін шешуде ерекше мән беру болып табылады.
3. ИКК функциялары
5. Қазақстан Республикасында иммундау бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізу, профилактикалық егулерді жүргізумен басқарылатын жұқпалы ауруларды егудің жаңа технологиясына шолу жасау.
6. Ұлттық иммундау саясатын жетілдіру, оның сапасын бағалау мақсатында ұлттық иммундау бағдарламасына мониторинг жүргізу жөнінде ұсынымдар дайындау.
7. Иммундаудан кейінгі ерекше реакциялар мен асқынуларға мониторинг бағдарламасын әзірлеуге қолдау көрсету, вакцинадан кейінгі жаппай асқыну тіркелген жағдайда себеп-салдарлық байланысты анықтау.
8. Жаңа вакциналарды енгізу мәселелерін қарау, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне өзгерістер енгізу қажеттілігін негіздеу. Вакциналардың жаңа түрлері бойынша әлемдік ғылыми деректерге талдау жасау.
9. Ғылыми негізделген деректер негізінде жаппай иммундау науқанын жүргізу бойынша ұсынымдар әзірлеу.
4. ИКК жұмыс тәртібі
10. ИКК отырыстары жоспарлы, қажет болған жағдайда және шұғыл тәртіппен өткізіледі. Жоспарлы отырыстар жылына 2 рет өткізіледі.
11. ИКК отырысы қажет болған жағдайда мүдделі тұлғаларды тарта отырып, ашық немесе жабық режимде өткізіледі.
12. ИКК жұмыс жоспары барлық ИКК мүшелерінің мақұлдауымен жалпы отырыста қаралады және оны ИКК төрағасы бекітеді.
13. Әрбір ИКК мүшесі ИКК қызметі туралы ережемен танысады.
14. Әрбір ИКК мүшесі ИКК мүшесінің ережені теріс пайдаланбауы (мүдделердің дауласуын болдырмау) және ИКК мүшесінің құпия ақпаратты таратпауы туралы міндеттемеге қол қояды.
15. Отырысты өткізу және дауыс беруге қатысу үшін ИКК құрамының кемінде 50%-ы қатысуы қажет.
16. ИКК шешімі хаттамамен ресімделеді, оған барлық мүшелер қол қояды және ұсынымдық сипатта болады.
17. Қабылданған шешім туралы мүдделі ұйымдарға, қажет болған жағдайда халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.
18. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – СЭСжМҒПО) ИКК жұмыс органы болып табылады.
19. СЭСжМҒПО мыналарды жүзеге асырады:
1) ИКК жұмыс жоспарының жобасын дайындау;
2) ИКК отырысын өткізу үшін қажетті материалдарды дайындау;
3) ИКК төрағасының келісімі бойынша ИКК отырысының күн тәртібін дайындауды және отырыс басталғанға дейін 10 күн бұрын ИКК мүшелеріне отырыс материалдарын жолдау;
4) ИКК отырысы хаттамасының жобасын дайындау;
5) мүдделі ұйымдардың ИКК қабылдаған шешімі туралы, қажет болған жағдайда халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ету.

